Заман ағымына, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі ширек ғасырда халқымыздың көпшілігі көркем әдебиеттен гөрі тарихқа айрықша бет бұрды. Ұлтымызды ұлықтаудың басты жолы жас ұрпақтың санасына туған халқының өткен тарихын сіңіру екендігінде де дау жоқ. Алайда «өз құмалағымызды төрттен қойып», ұлттық тарихымызға жанама байланысы бар деректердің барлығын нағыз ұлттық құндылығымыз  ретінде бұрмалап көрсету тарихымызға опа бермейтіні анық.

Мәселен дүниежүзінің көптеген ғалымдары соңғы бес-алты ғасыр ауқымында  түп тұқиянына дейін зерттеп, қортындысын әлем мойындаған  Шыңғыс ханға қатысты тарихи шындықты біздің  әуесқой тарихшыларымыз бен  тарихтың «сәбилік дертіне» шалдыққан ғалымсымақтарымыз негізсіз бұрмалап, Шыңғыс ханның тегі моңғол емес, қазақ,  «Моңғолдың құпия шежіресі» моңғол тілінде емес,  қазақ тілінде жазылған  деп дәлелдеуге тырысып, қарапайм халықтың басын айналдырып жүр.

Шыңғыс ханның тарихын зертеуде әлем ғалымдары  негізге алатын бірегей дерек көздерінің бірі – «Моңғолдың құпия шежіресі» екенінде дау жоқ. Өйткені бұл кітапты – Шыңғысхан өзінің көзі тірісінде арнайы тапсырмамен  бастап жаздырған. Әрі  зерттеуі әлемдік деңгейде ежіктелген, мойындалған тарихи мұра. «Моңғолдың құпия шежіресінің» Шыңғыс хан заманында моңғолдардың мемлекеттік жазу ретінде қолданылған көне ұйғыр жазуындағы  түп нұсқасы бізге жетпеген. Біздің дәуірге  қытай иероглифмен жазылған  түпнұсқа тілдегі басқаша айтқанда   Шыңғыс хан сөйлеген тілдегі  (қандай тіл екенін мақала соңында өзіңіз пайымдарсыз) нұсқасы  (мәтініні) жеткен.

Құпия шежіре

Дәлірек айтсақ;  «Моңғолдың құпия шежіресінің» қытай иероглифмен жазылған түпнұсқа тілдегі  нұсқасы Қытайдың Мин династинасының үшінші императоры Юнлэ заманында (1402-1425) патша мұрағатына алынған. Нұсқаның 12 және 15 дәптерлік екі мәтіні болған. Әлем ғалымдары осы мәтіндерге транцлитереция, транскрипция жасап жаңғырту, түсініктеме беру арқылы бізге жеткізді. Әуелгі кезекте  транскрипциядан қытай тіліне аударылды.

Жоғардағы фото  «Моңғолдың құпия шежіресінің» қытай иероглифімен жазылған нұсқасының  бірінші беті.

  1. Кітаптың атауы мен басқы тақырыбы.
  2. Түпнұсқа  тілде  қытай иероглифімен таңбаланған  құжаттың ішкі тақырыбы  4  жол мәтін және оның қытайша сөзбе-сөз аудармасы.
  3. Төрт жол мәтіннің мағыналық аудармасы.

1 цифрымен көрсетілген қатардың басындағы үлкен шрифтмен жазылған 5 иероглифпен қытай тілінде «juan-chao mi-shi»  (Юань династиясының құпия тарихы) деп жазылған. Осы жазбаның астындағы жіңішке, ұсақ шрифтілі жазу – иероглифпен  жазылған транслитерация  (түпнұсқасы) (Тл)

Транслитерацияда (Тл):  «Манг-һуо-лун ниу-ча тоуо-ча-а-ан» деп жазылған. Оның Транскрипциясы (Жаңғыртпасы) (Тк) «Монғол-ун ниғуча то(б) чан  Транскрипцияны қазақша  аударсақ: Моңғолдың құпия шежіресі деген ұғым береді.

Осы фото көшірмедегі 2 цифрімен көрсетілген жолда құжаттың ішкі тақырыбы (Тл): чі-енг-кі-сі ха-хан-не ху-жа-ғур-ер деп   жазылған.Оның транскрипциясын  ғалымдар  Чіңгіс  хаған-у хужағур деп жаңғыртқан.    Транскрипциядағы сөздерді қазақшаға аударсақ:    1 цифрімен көрсетілген жолындағы  Монғол-ун  – Моңғолдың,  ниғуча (қазіргі моңғол тілінде «нууц» )  құпия (жасырын)  то(б) чан (қазіргі моңғол тілінде «товч» ) – қысқаша түйін, қысқаша пайым. Ал қазақ тіліндегі бұған ұқсас «топшылау»  сөзі – болжау, тұспалдау деген мағына береді. (менің топшылауым бойынша)

2 цифрымен көрсетілген жолындағы жазудың  транкрипциясы Чіңгіс  хаған-у хужағур тіркесінен  бізге түсініксіз «хужағур» сөзі  көне моңғол тілінде «түбі», «тегі» деген мағына береді.  Қазіргі моңғол тілінде «язғуур»,  (қазіргі моңғол тілінде хужағур сөзінің  х дыбысы түсіп қалып  «язғуур» деп айтады ). Қазақша баламасы – «түбі», «тегі».

«Моңғолдың құпия шежіресін» батыстық өркениет әлеміне алғаш рет 1866 жылы қытай мәтінінен аударып,  Палладий Кафаров жеткізді. Осы аударма арқылы  бұл жазбаның жалпы атауы «Моңғолдың құпия шежіресі», ішкі тақырыбы «Шыңғыс хағанның түп-тегі» деп жазылған деген қортындыны «Моңғолдың құпия шежіресімен» айналысқан барлық ғалымдар бір ауыздан мойындаған.

Сайттын алынды

Енді осы ішкі тақырыптан кейін берілген 4 жол мәтінді  трансклипциясынан сарапқа салайық.

1-жол: «дэрэ теңірі-ече-жайлағату төріксін бөрте чино ажуғу».

Осы заманғы моңғол тілінде «Дээрээ тэнгрийн таалалаар төрсөн (айтылуы «төрсін») Бөрт чоно ажгуу».  Қазақшасы: Жоғарыдағы Тәңірдің шапағатымен жаралған Бөрте  Бөрі еді.

2-жол: «Гэргэй-іне Куа-ай  Марал ажи-ай. Теңгіс кетүлжи иребе» Осы заманғы моңғол тілінде:  «Гэргйи нь Гуа-Марал ажгуу. Тэнгис гаталж (айтылуы «ғатылж») иржээ».  Қазақшасы «Әйелі Хуа Марал еді.Теңіз кешіп келді».

3-жол: «Онан мөрен-ү тергүн-е Бурхан Халдун-е нунтуқлажи». Осы заманғы моңғол тілінде: «Онон мөрөний (айтылуы «мөріни») тэргүүн Бурхан Халдунд нутаглажээ». Қазақшасы: «Онон өзенінің басындағы  Бурхан Халдунды мекендеді».

4-жол: «Төріксін Батычи хан ажуғу». Осы заманғы моңғол тілінде «Тэнд төрсөн Батычы ажгуу» Қазақшасы: «Сонда туған Батачы хан еді».

Патша парасатты оқырман «Моңғолдың құпия шежіресі» қандай тілде жазылғанын өзі пайымдасын.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

6alash ұсынады