Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бұл орайда қазақтың ұлттық бұйымы бесіктің пайдасы туралы айтсам деймін. Баланың тазалығы, ұйқысының тыныш болуы өз алдына, бесік жас нәрестенің табиғи өсуіне әсер етеді. Сәби ана құрсағында жатып-ақ тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек. Өкінішке орай қазір (әсіресе қалалық жерде тұратын) жас келіншектер баланы бесікке бөлеуге ерініп, памперсті күні-түні қолданатын болып жүр.

АҚШ пен Еуропа елдерінде озық ойлы дәрігерлер памперсті қолдануға қарсы акциялар ұйымдастырып, жасанды жаялықтан бас тартуға үндеуде. Олар оның нәрестенің денсаулығына зиян келтіретінін айтуда. Ал бесік болса, оның құрылымы балаға гигиеналық тәрбие беруге лайықталған әрі алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Ол баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қалай қолайлы болса, көшіп-қонып жүргенде, баланың өзінің де денінің сау болып өсуіне тиімді. Жалпы ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген.

Қазіргі жан-жақты дамыған заманда адамның қажеттілігі үшін әртүрлі заттар, техника, жиһаздар шығып жатыр. Оның ішінде сәбилерге арналған керуеттер де жоқ емес. Бұлар атам қазақ пайдаланған бесіктің орнын ауыстыра алмайды. Бесік баланың денсаулығына, ми қызметінің дұрыс дамуына үлкен септігін тигізеді. Бала бесікте таза әрі жылы жатады. Жаялығы құрғақ болғасын ұйқысы да тыныш болады. Арасында шешіп алып, аяқ-қолын созып, жаттығу жасау керек. Бала бесікте жатпаған уақытта бесік көрпешелерін далаға күннің көзіне, қыста аязға жайып алу қажет. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады.

Демек, баланы бесіктен бастап тәрбиелеуіміз қажет. Бесікке жатқан бала дені сау, ұйқысы тыныш, дүниетанымы кең, өмірге құштар болып өседі. Тілі де ерте шығып, балабақшаға барғанда қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Олай болуы орынды да. Өйткені бесікте жатқан бала ана әлдиімен ұйықтап, ана әлдиімен оянады. Бесіктің ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз. Қол-аяғы бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ұйықтап жатқан баланы бөлмеден бөлмеге апару қажет болған жағдайда керуеттегі немесе жерде жатқан баладан гөрі, бесікте бөлеулі сәби ыңғайырақ. Біздің бүгінгі міндетіміз – экономикамызды дамыта отырып, ұлттық құндылығымызды жаңғырту. Егер ұлттық құндылығымызды сақтай алмасақ, жаһандануға жұтылып кетуіміз мүмкін.

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

Ақтөбе медициналық колледжінің оқытушысы, дәрігер

"Ана тілі" газетінен алынды


(Суреттегі бесік "Куә" компаниясының "талбесігі".

Заказ қабылдау номері: 87001597777)


6alash ұсынады