Бұл ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтай өлкесінде болған оқиға. Ойраттан босаған ежелгі жеріне қазақтар қайтадан барып жатқан шақ. Жайлы қоныс, мамыражай мекен... Өмір бар жерде, өлім де бар. Алғашқы жылдары  қазақтар топырағы шымданып кеткен опырма сазды жерге мәйітті ақымдап жерлеуді білмей,  әбігерге түскен көрінеді. Дәл осындай бір алмағайып тұста қорқау аю пайда болады. Тегі көп жылдың алдында шүршіттің шерігі қырып кеткен өлген торғауыттардың етін жеп ауызданған болуы керек. Адамнан басқаны қорек етпейді. Қарағайы сиреген тасты қыраттың үстіртін қуалап қазақтар өлік жерлейді. Тап сол күні мәйітті аю қазып әкетеді. Бұл антұрған түнделетіп келер болса бір сәрі, тура екінті мен ақшамның арасында өрістен мал келіп, желібаудағы биелердің соңғы сауымын сарқып жатқанда, өрдегі жыныс қарағайды сатырлатып сындырып, жердің шымын ойып алып, бұрқыратып аспанға атып, күндей күркіреп ақырып, бақырып жетеді. Аюдың зәрінен қорыққанда желі басындағы мама биелер дірілдеп, сиіп-сиіп жібереді екен.

Тірі жанды есінен тандырып, арқыраған аю жаңа жерленген мәйітті көрден суырып алып, қарағайдың ішіне кіріп кетеді. Ар жағы –  ит тұмсығы өтпейтін ну. Онда не бары жан баласына беймәлім. Білетіндер айтады: «Аю мәйітті адам аяғы жетпейтін жерге апарып, жуан қарағайға бастырып кетеді де, әбден шірігенде келіп жейді».

Елдің есі шығады. Өлген адамды жерлеуден қалады. Тірі жүргендер өлуден қорқады. Осылай жалпақ жұрт дағдарып тұрғанда Рамазан дейтін жасы қырықтан асып кеткен, тұлғасы атан өгіздей, арысқа түсіп атағы шықпаса да қара күшке мығым, бойы екі құлашқа таяу азамат  ортаға шығып: «Мен өтірік өлейін, апарып көміңдер! Лағынат аюмен айқасып көрейін!» дейді. Амалы таусылған халық «мақұл!» депті.

Тегі қаза тапқан адамды жерлеген сәтті сонау қияда жүріп-ақ қорқау аю да үнемі қадағалайды екен. Сөйтіп ел тірідей Рамазанды жерлейді. «Тірі өлік» қалыңдығы бір елі бұқар былғарысынан  сырып тіккен саптама етігін киіп, жалаңдаған жуан қанжарды қонышына тығып,  келетін тажалды күтіп көрде жатады. Тура ақшам алдында қара жердің қыртысын аударып-төңкеріп, бала қарағайларды түбірімен қоса жұлып лақтырып, азан-қазан аю да жетеді. Келе көрге қолды салады. Рамазанды тірідей суырып алады. Тік тұрған күйі оң иығына арта салып ала жөнеледі. Аю кетіп барады, біздің батырдан шым еткен белгі жоқ. Ел-жұрт аң-таң.

Үлкендер жоқтау айтып, дауыс шығарған Рамазанның шешесі мен әйелін тоқтатып, бірер жігітті мықты атқа мінгізіп аюдың артынан жібереді. «Не болды екен, барып біліңдер!».

Сол күні қараңғы түсіп кетеді де, шолғыншылар қайтып келіп, таңертең ерте аттанбақшы болады. Бірақ олар аттанбайды. Алаң-елеңде Рамазанның өзі аман-есен үйіне келеді. Сабазың ештемемен шаруасы жоқ, балпаң-балпаң басып, арқандаулы тұрған күрең атының жалынан бір сипап, үйіне қарай тартады. Алдынан ойбайлап жүгірген әйеліне мойын бұрып та қарамай: «Әй қатын,  үйге барып шақшамды әкел!», – депті. Тек есік алдында жанары жасаурап тұрған анасына «Апа, қорыққан жоқсыз ба?» деп, бір рет мырс етіп қойып, төр алдында ұйықтап жатқан бес жасар ұлын кеудесіне мінгізіп, қорылдап кетіпті.

Рамазанның құрдастары оның әйеліне: «Әй, қатын, анықтап қарашы, төрде қаперсіз ұйықтап жатқан сенің байың ба, әлде, әлгі кісі жейтін аюдың өзі емес пе екен?» деп қылжақтайды. Батырдың ұйқысы қанған соң, ел-жұрт жиналып келіп «не болды?» дегенде, Рамазан қысқа ғана: «Мені көрден суырып алып арқалап кеткенде, қанжар салған етіктің қонышы  аюдың кеуде тұсында қалып, екі қолым арқасында кетті. Қимылдасам, әлгі пәле жерге ұрып есімнен тандырар деп ойладым. Содан қалың қарағайдың ішіне алып барып, мені тік тұрғызып, сынған қарағайдың дүміне сүйеп қойды. Өлген адамға ұқсап, көзімді жұмып саңылаулатып қарап мен тұрмын. Артына шегініп барды да шыңғырып жіберіп, өкірген күйі жүгіріп келіп оң алақанымен жағымнан тартып жіберді». Естіп отырған жұрт «ойпырым-ай, қалай жаның қалды» дегенде, Рақаң: «Құдай-ау, аю ағындап келіп ұрғанда, жығылуға шақ қалдым емес пе?» депті жайбарат.

Әңгімеге еліккен адамдар «Содан кейін не болды?». Рақаң: «Менің жығылмай тұрғаныма аюдың өзі таң қалды. Аңырып бір сәт тұрды да, артына шегініп әлгіден де алысқа кетті. Тегі ағындатып келіп тағы ұрмақшы. Енді бұдан аман қалмасым белгілі болды. Аю ақырып маған қарай ұмытылғанда, жалт бердім де, өзіне қарай мен де ақырып ұтылдым. Қолымда қанжар. Аю мұндайды күтпесе керек, қорыққаннан өзі шалқасынан түсті. Төрт аяғы тырбыңдап есеңгіреп жатыр. Бардым да ағараңдап тұрған шабын жарып тастадым. Мақұлық қанжарды шап беріп ұстаймын деп, жарылған өзінің ішек-қарнын  суырып алды. Қорқырап жатып жан тапсырды. Әбден өлсін деп жанында қарап тұрдым. Қараңғы түсіп кеткен соң жолдан адасып кетпейін деп, таң қылаңдағанға дейін күтіп отырып, үйге келдім.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ