Алматы облысы Қарасай ауданының Райымбек ауылында, қазір 97-ге келген Әнуәр Көкеев ақсақал өмір сүріп жатыр. Бұл кісінің төте жазуға реформа жасап, әріп қосқанын, әрі Шәкәрім Құдайбердіұлының Зият деген кенже ұлымен дәмдес, аралас-құралас болғанын білетіндер құрметпен сәлем береді. Ал білмейтіндер, ауылдың көп ақсақалдарының бірі ретінде жай ғана сәлемдеседі. Әнуәр ақсақалдың өзі «осындай іс істеп едім» деп ешкімге айта бермейді.
Әнуәр Көкеев 1912 жылы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Ақсуат ауданындағы Қарақойтас қыстағында дүниеге келеді. 7-10 жас аралығында ауыл молдасынан дәріс алып, сауатын ашады. Бұдан кейін Семей қаласында ескіше (төте оқу) және орысша оқып білімін толықтырады. Семейдегі оқуын 17 жасында бітіріп, туған ауылына келіп, бірден ауылдық Кеңеске хатшы болып еңбек жолын бастайды.
1930 жыл. Бұл кездерде Қазақстан басшылығына Ф.Голощекин келіп «кіші революция жасаймын» деп қазақ зиялыларын шетінен ұстап, бірін жер аударып, енді бірін түрмеге қамап, өлім жазасын да қолдана бастаған кез еді. Әнуәрдың үлкен әкелері Тоқтар мен Нұрмұхаммедті (Сармолда) «бірің би болдың, бірің дін жолын ұстадың» деп Сібірге айдайды. Ал өз әкесі Көкейді (1870-1930 ж.ж.) «Ақсуатта старшин болдың» деп малын тәркілеп, Ақсуаттан Семейге дейін жаяу айдап апарып, «халық жауы» деп соттап, өлім жазасына кеседі. Ендігі кезек өздеріне келгенін сезген Әнуәрдың немере ағасы – Ғазез туыстарын алып Қытайға өтіп кетеді. 18 жасар жасөспірім Әнуәр бірге кетеді.

НЕМЕРЕ АҒАСЫ – ҒАЗЕЗ

Әнуәр ақсақалдың атасы Қалбан қария қажыға барып — «Қалбан қажы» атанған. Қалбан қажы еліне сыйлы адам болған. Қазір ол кісінің бейіті Ақсуат өңірінде. Ел басына барып тәу етіп тұрады. Қалбан қажының – Тоқтар, Нұрмұхаммед (Сармолда), Көкей, Кәрім деген төрт ұлы болған. Әнуәр – Көкейден туылса, Ғазез – Нұрмұхаммедтен туылған. Тоқтар би болса, Нұрмұхаммед дін жолын ұстайды, Ал, Көкей старшын болады.
Ғазез Нұрмұхаммедұлы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Осында оқып жүргенде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқайлармен аралас-құралас, идеялас болады. Санкт-Петербург университетін бітіріп Семейге келген соң адвокат, прокурор, облыстық партия комитеті үгіт бөлімінің бастығы, кеңес төрағасының орынбасары болып істейді. Осы кездерде саяси жағдайларға байланысты Алашорда орталығы Семейге көшірілгенде бұл ұйымға да араласып тұрады. Алашорданың біраз азаматтары Ғазездің отбасымен байланыста болып, зайыбы Бағдаттың қолынан талайы дәм татады. Ал, Бағдаттың туған сіңлісі – Бағила Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» поэмасындағы Қамардың прототипі болған адам.
1928-1930 жылдары Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері тұтқынға алынып, сотталып, алды атыла бастайды. Осы кездерде Ғазездің өз әкесі – Нұрмұхаммед пен үлкен әкесі – Тоқтар Сібірге айдалып, кіші әкесі – Көкей «халық жауы» ретінде атылып кетеді. Ғазездің өзі партиядан шығарылып, жұмыстан қуылады. Ендігі кезек өзіне келгенін сезген Ғазез 1930 жылы туыстарын ертіп Қытайға өтіп кетеді.
Қытайға өткен соң да Ғазез қолына құрық ұстап мал бақпайды. Қалам ұстап ағартушылықпен айналысады. Себебі, бұл жақта да бір миллионға жуық қазақтар бар еді.
Ғазез Үрімжіге барып 1934 жылы «Тянь-Шань» газетін, 1936 жылы «Шинжаң» газетін шығарып, бұл газеттердің бас редакторы болады. 1934 жылы өлкелік қазақ-қырғыз мәдениет қоғамының төрағасы болып сайланады. Қоғамның бес аймақ, сегіз ауданындағы бөлімшесін құрып, 275 мектеп ашады.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларына қайда барса да «Қорқыттың көрі» дайын тұрған ғой. Сол кездегі Кеңес өкіметінің «халық жауының ұрпақтары» деп сыбырлауы болған болуы керек, 1938 жылы Ғазез, Зият бастаған бір топ зиялыларды Қытай өкіметі бір күнде ұстап түрмеге қамайды. Абай ұрпақтарын, Шәкәрім қажының өзі мен балаларын қудалап, бірін жер аударып, бірін түрмеге қамап жатқанда: «Менің өлігімді сен көрме, сенің өлігіңді мен көрмейін» деп, қажы кенже ұлы Зиятты Қытай асырып жіберген екен. Бұларды қажы түгіл, осы кеткеннен, әкелері бала-шағасын, бала-шағасы әкелерін көруді Құдай жазбайды.

ТӨТЕ ЖАЗУҒА РЕФОРМА ЖӘНЕ «В» ӘРПІ

Әнуәр Қытайға өткен соң алдымен Манаста бала оқытып, ұстаз болады. Одан кейін Ғазез ағасы Үрімжіге ауысқанда Әнекең де
осында келіп, совет-қытай сауда ұйымына жұмысқа тұрады. Бұл кезде Үрімжіде Қазақстаннан өткен біраз қазақ зиялылары жиналған еді. Соның ішінде Зият та бар болатын. Зият бұл кезде Үрімжідегі театр режиссерінің оқуын бітіріп, театрде істеп жүрген кезі болатын. Ол Шәкәрім қажының біраз поэмаларын пьесаға айналдырып театрда қойып, сауатты жастарды театрға тартады. Соның ішінде Әнуәр да болып, негізінен ұйымдастыру жұмысымен шұғылданады. Осы кезде Әнекең Зиятпен аралас-құралас, дәмдес-тұздас, аға-бауырдай болып араласады. Өкінішке қарай бұл ұзаққа бармайды. 1938 жылы Ғазез, Зияттарды түрмеге жауып, жоқ қылған соң Әнуәрды жұмыстан шығарып тастайды.
Әнуәр жұмыстан шығып қалған соң қазақ-монғол мектебіне (училище) оқуға түсіп, оны 1940 жылы бітіріп шығады. Бұл оқу орнын бітірген соң Үрімжідегі «Қыздар орта мектебіне» ( «қыздар колледжіне») директорлық жұмысқа жіберіледі. 1943 жылы Шинжаң 3-қарарлық саяси кадрлар курсын бітіреді. 1946 жылы өлкелік оқулықтар мен журналдарды редакциялау мен тексеру алқасының мүшелігіне тағайындалады. 1950 жылы «Шинжаң әдебиет-искусствосы» журналының алқа мүшесі болады. 1952 жылы Бежіңде ашылған мемлекеттік мұғалімдер құрылтайына уәкіл болып қатысады. 1954 жылы Шинжаң халық баспасы, оқулықтар редакциясы бөлімі баспасының орынбасарлығына тағайындалады. Баспада істеп жүргенде Әнекең сол кездегі қолданып жүрген әліппенің кейбір әріптерінің ыңғайсыз екенін байқайды. Оқулықтағы оқу әдісінің де кемшілігі барын көреді. Осыған байланысты оқыту әдісі туралы біраз мақалалар жазады. Бұл кезде Қытайдағы қазақтар «А.Байтұрсынов әліпбиін» (кейде «төте жазу» деп аталады) қолданатын еді. Қытай қазақтары қазір де осы әліпбиді қолданады. Қытайдағы қандасымыз, жазушы-профессор, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі Солтан Жанболатов «Құмыл алқабы» журналында Әнуәр төте жазуға реформа жасағанын айта келіп: «… Ахаңның төте жазуына жуңго қазақтары ішінен екінші рет өмір беру, әмбе оның сәтті де өміршең болуы үшін оны тағы да реформалай түсу, бүгінгі өзіміз әлі де қолданып жүрген күйге әкелу қажет болды. Міне, осы іргелі істі тындырып, зор да тарихи үлес қосқан адам Әнуәр Көкейұлы ақсақал болатын» дейді.
Әрі бұл кезде Мао Цзэдун бастаған Қытай коммунистік партиясы билік басына келіп, орнығып, алғашқы жылдары Кеңес Одағымен қарым-қатынасы жақсара түскен болатын. Осыған байланысты Қазақстанның
М.Әуезов, С.Мұқанов бастаған белді жазушыларының шығармалары Қытайда да төте жазумен басыла бастаған. Бұл кезде Қазақстан кирилл
әрпіне көшіп, Қытай қазақтары төте жазуда қалып қойған. Осы кезде төте жазудағы «В» әрпінің жоқтығы біраз қиындық тудырады. Жеке сөздерде «В» әрпін «У» әрпімен ауыстырып жазуға болатын еді. Мысалы, «Европа-Еуропа», «завод-зауыт» деп жазуға келетін. Ал бұл кезде Қазақстандағы қазақтар тектеріне (фамилия) «ов, ев»-ті қосып жазу үрдіске айналған. Текті жазғанда «В»-ны «У»-мен ауыстыру ыңғайсыздық әрі күлкілі жағдай туғызды. М.Әуезовты –М.Әуезоу, С.Мұқановты – С.Мұқаноу деп жазу ыңғайсыз еді. Сондықтан Әнуәр ақсақал «В» («g») әрпін төте жазуға кіргізеді. Осылардың бәрін қорытындылап, 1954 жылы «Қазақ тілі емлесін дұрыс қолдану ережелері» деген еңбегін жазды. Бұл еңбек Қытай қазақтарының арасында үлкен қызығушылық туғызып, өкімет басындағыларға да жетеді. Еңбекті оқып, талдап шыққан соң Шинжаң өлкелік халық өкіметі бүкіл қазақтар тұратын өңірге таратып, бұдан былай осы «Ережемен» оқуға бұйрық шығарады.
Әнуәр Көкеев ақсақалдың осы еңбегі және оқу-ағарту ісіне байланысты еңбегі мен мақалаларын жоғары бағалаған өкімет, Қытай-қазақ мәдениетінің дамуына қосқан зор еңбегі үшін алтын медальмен марапаттайды.
Осы кезден бастап, қазірге дейін Қытайдағы қазақтар Әнуәр Көкеев реформалап, әріп қосқан, негізін Ахмет Байтұрсынов қалаған, халық ішінде «Байтұрсынов жазуы» кейде «төте жазу» деп аталып кеткен әліпбиді қолданып келеді.

ОТАНҒА ОРАЛУ

Елге қайтуға мүмкіндік туғанда, Әнуәр ақсақал алғашқылардың бірі болып, 1955 жылы Кеңес Одағына өтеді. Ол кезде қазақтың тағдырын Мәскеу шешетін кез. Бұларды бірден Қазақстанға әкелмей, туған-туыстарымен бірге өткен отбасыларды Қырғызстанның Қант ауданындағы Тоғызбұлақ ауылына апарып тастайды. Бұнда келсе ауылда қазақ мектебі жоқ екен. Ал, бұлардың мектеп жасындағы балалары бар болатын. Әнуәр ақсақал ізденіп, сол кездегі Қырғызстанның оқу министрлігіне дейін кіріп Тоғызбұлақтағы қырғыз мектебінен қазақ сыныбын ашқызып, өзі сонда ұстаздық етеді. Бұл ауылда Мәскеудің белгілеген уақытына дейін тұрып, Қазақстанға қайтуға бірінші мүмкіндік болғанда Аягөзге көшіп келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан егемендік алып, өз еркі өзінде болып, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп Ата Заңымызда анық жазылса да, қазағы аз мекенде қазақ мектебін ашқыза алмай жүрміз. Мектеп түгілі, орыс мектебінде қазақ сыныбын ашқыза алмаудамыз. Ал, бәрін Мәскеу
басқарып, «орыс тілін білсек коммунизмге тезірек жетеміз» деп, Қазақстанның өзінде қазақ мектебі жаппай жабыла бастағанда, қырғыз мектебінде 5-6 бала үшін қазақ сыныбын ашқызған Әнуәр ақсақалдың ісін ерлікпен парапар әрекет деуге болады.
Аягөзде табан аудармай 25 жыл бойы білім саласында қызмет етеді. Алдында мектепте оқытушы, одан кейін мектеп инспекторы, соңында аудандық білімінің методисі болып істеп жүріп 1979 жылы 67 жасында
зейнеткерлікке шығады. Зейнетке шығып Райымбек ауылына көшіп келген соң да төте жазуды үйренгісі келген талапты жастарға тегін сабақ беріп жүреді.
Әнуәр ақсақал заманынан қалмай әрқашан білімін жетілдіріп отырады. Білім саласында істеп жүргенде бірнеше рет Семей, Алматыға барып білім жетілдіру курстарына қатысып, білімін толықтырып отырды.
Ол өзінің білгенін халыққа, жастарға жеткізіп мұғалімнің білімде басты тұлға екенін, жаңа бағдарламаларға өз ойын айтып, сөздің тәрбиелік мәні туралы, бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытудың маңыздылығы туралы жалпы саны 25-тей мақаласын БАҚ-тарда жариялайды. 9 оқулық жазып, 19 кітапқа редактор болды. Методист болып жүргенде ұстаздарға әкедей қамқорлық жасап, олардың білім көтеруіне көңіл бөледі. Тіпті тұрмыстық жағдайларын да назардан тыс қалдырмайды.
«Жалықпай ұстаздық етіп, ақырын жүріп анық басуды» өміріне негіз етіп алған Әнекең бірнеше рет Құрмет, Мақтау граммоталарымен марапатталып, алғыстар алды. «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздік қызметкері», «Еңбек ардагері» деген атақтары бар.

Назрахмет ҚАЛИ

"Ана тілі" газеті

2009 жыл

6alash